Қызылордада қала күніне орай елдің әр аймағынан келген 40 аспаз қазан-қазан палау пісіріп жарысып жатыр, деп хабарлайды Экспресс К.
Сайыс бүгін таң ата басталды. Қала орталығындағы "Сыр Ана" монументінің алдына 40 қазан қойылды. Осы өңірден және Шымкент, Алматы, Ақтөбеден келген аспаздар палау пісіріп, бақ сынасып жатыр. Олардың еңбегіне қаланың қоғам белсенділері баға береді.
Жарысқа қатысуға 310 аспаз өтініш берді. Солардың ішінен 40 аспаз іріктеліп алынды. Барлығы демеушілердің көмегімен болып жатыр. Палауға қажетті өнімдер кәсіпкерлердің қаражатымен алынған,
— дейді қала әкімінің баспасөз хатшысы Болат Жұмабаев.
Ал сайыс жеңімпазына 150 мың теңге мен қосымша марапат табысталады. Сондай-ақ палаушылардың ешқайсысы сыйақыдан құр қалмайды дейді қала әкімдігіндегілер. Ал 40 қазанға пісірілген палау тұрғындарға тегін таратылады.
Айта кету керек, бұл сайыс Қызылорда қаласының 204 жылдығына орай ұйымдастырылып жатыр.